Кене неге қауіпті:
Кене көктемгі-жазғы кезеңде өте қауіпті, таңертең және кешке кенелердің белсенділігі жоғары болады. Кенелерді тек қана орманда емес, сондай-ақ қалалық бақтарда, саяжайларда кездестіруге болады.
Кенелер тарататын аурулардың қоздырғыштарын (кене энцефалиті, иксодтық кене боррелиозы, кене риккетсиозы, туляремия және т.б) тасымалдаушы- кенелер болып табылады.
Адам үшін кененің шағуы қауіпті емес, кененің сілекейімен немесе кенені жаншығанда адамның қанына түсетін ауру қоздырғыштары өте қауіпті.
Естеріңізде болсын, дер кезінде емделмегенде кенелер тарататын жұқпалы аурулар кемтарлыққа немесе өлім-жітім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Кенелер үлкен қашықтыққа бара алмайды, бұталарға, ағаштардың бұтағына және биік шөптерге төменнен жоғарыға қарай 1м. биіктікке дейін өрмелеп шығады да тосып жатады, ұасынан өтіп бара жатқанда адамның денесіне немесе киіміне жабысып, қан соруға қолайлы орын іздейді.
Әдетте кенелер терінің жұқа жерлерін таңдайды: шаптың маңы, қолтықтың асты, шаштың арасы мен құлақтың тұсы.
Кенелерден өзіңді қалай қорғау керек?
орманға бармас бұрын түсі ашық киім, жеңі ұзын көйлек, шалбар, жабық аяқ киім кию керек, шалбардың балағын шұлыққа, көйлектің етегін шалбарға салып, басқа орамал байлап немесе қалпақ киген дұрыс.
кенеге қарсы крем, лосьон, аэрозоль түрінде болатын арнаулы репелленттерді (кенені жолатпайтын заттарды) киімнің сыртына, сондай-ақ дененің ашық жерлеріне жағу керек, оларды дәріханалардан және сауда орындарынан сатып алуға болады;
әр сағат сайын өзіңізді және қасыңыздаы адамдарды кенеге қараңыз. Кене бірден қан сормайды, ол ұзақ уақыт қолайлы жер іздейді;
үйге келген соң денеңізді, барлық киімдеріңізді мұқият қарап шығыңыз;
үйдің ішіне жаңадан жұлынған өсімдіктерді және гүлдерді кенеге тексермей кіргізуге болмайды;
итті және басқа да жануарларды кенеге мұқият қарап, қадалған кенелерді алып тастаңыздар;
кенелерді қолмен жаншуға болмайды.
Кене шақса не істеу керек?
Естеріңізде болсын – қадалған кенені бірден алып тастау керек, әрбір минутыңыз қымбат!
Кене шаққанда ерте (3-күннен кешіктірмей) медициналық көмекке травматологиялық пунктерге жүгіну қажет: Серікбаев көшесі.-1/5, балаларды – Ана және бала орталығы- Қазыбек би даңғылы. -11.
Егер медициналық мекемеге баруға мүмкіндік болмаса, онда қадалған кенені пинцетпен немесе қалың жіптен жасалған ілмекті оның тұмсығына жақынырақ байлап, әрі-бері қозғалтып, еппен алу қажет, терідегі жараға кененің сілекейі түспеу үшін оны жаншымауға тырысу керек.
Егер кенені алғанда бас жағы жұлынып қалса, кененің қадалған жерін іспіртпен сүртіп, содан кейін ғана әдетте тікен алғандай алдын ала зарарсыздандырған инемен алып тастаған дұрыс.
Кене шаққан жерді йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандырып, қолды сабынмен жуып тастау керек.
Жабысқан кене алынса да ауру қоздырғыштарын жұқтырып алу мүмкіндігін жоққа шығару үшін және
Кенелер арқылы берілетін жұқпалы ауруларды ерте анықтау мақсатында бірден жергiлiктi медициналық мекемеге барып, арнайы профилактиканың қажеттілігі туралы мәселені шешу қажет.
Қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, сонда ғана табиғат аясында демалу – Сіз үшін қауіпсіз болады және Сізге тамаша көңіл-күй сыйлайды!
