ШҚО-да қасиетті Рамазан айына дайындық басталды.
Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Думан Сайфуллин қасиетті Рамазан айының басталу мерзімі мен негізгі іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Биыл ораза 29 күнге созылады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шешімімен 2026 жылға пітір -садақа мөлшері 735 теңге болып белгіленді.
Бас имамның айтуынша, Рамазан айында өңірде қайырымдылық және рухани іс-шараларға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда: әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға азық-түлік себеттерін тарату; мешіттерде күнделікті ауызашар ұйымдастыру; жастарға арналған рухани-ағартушылық кездесулер өткізу; Құранды толық хатым ету және діни сауаттылық сабақтарын жүргізу; тарауих намаздарын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту жоспарлануда.
Баспасөз мәслихатында Жанат Мекеева: «Рамазан – мейірімділік, бірлік және игі істер айы. Ол қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті.
Өз кезегінде №1 емхана жалпы практика дәрігері Дана Қайратова оразаның денсаулыққа әсері туралы айтып, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе және онкологиялық аурулары бар азаматтарға, сондай-ақ оқушыларға ораза ұстар алдында міндетті түрде дәрігерден кеңес алуды ұсынды.
