Skip to content

Құрметті ата-аналар!

Құрметті ата-аналар!

Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең бастысы – баласының қауіпсіздігі екенін жақсы түсінемін.

Сондықтан да балаларымыздың денсаулығы және еліміздегі қызылшаға қатысты қазіргі жағдай туралы ашық сөйлесуді маңызды деп санаймын.

Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркеліп отыр. Бұл – ең тез таралатын инфекциялардың бірі: бір науқас жақын байланыста болған вакцина алмаған адамдардың 90 пайызына дейін жұқтыруы мүмкін. Ең алдымен вакцина алмаған балалар қауіпке ұшырайды.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қосымша шаралар қабылдады.

6–10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, бұрын екпе алмаған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, сондай-ақ балалар ұжымдары мен медициналық ұйымдарда санитариялық-профилактикалық жұмыс күшейтілді.

Қабылданған шаралар қазірдің өзінде нәтижесін көрсетуде – аурудың өсу қарқыны төмендей бастады. Алайда жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте.

Маңыздысы – қызылша «жәй ғана балалар инфекциясы» емес. Бұл ауру өкпенің қабынуына, отитке, энцефалитке, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін, ал сирек жағдайларда өлім қаупі де бар. Әсіресе ерте жастағы балалар өте осал келеді.

Қазіргі таңда қорғанудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген және тиімді жалғыз жолы –вакцинация. Екпе тұрақты иммунитет қалыптастырып, тек инфекциядан ғана емес, оның ауыр асқынуларынан да қорғайды. Вакцина ондаған жылдар бойы қолданылып келеді, оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық және отандық тәжірибемен дәлелденген.

Ата-аналардың күмәні болатынын түсінемін. Әңгіме бала туралы болғанда, әркім өз шешімінің дұрыс екеніне толық сенімді болғысы келеді.

Сондықтан расталған медициналық ақпаратқа және мамандардың ұсынымдарына сүйену өте маңызды, ал дәлелденбеген ақпарат көздеріне сенбеу қажет.

Ұжымдық иммунитет – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Балаңызға екпе жасата отырып, сіз тек өз балаңызды ғана емес, вакцина алуға ерте кішкентай сәбилерді және медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды да қорғайсыз.

Бүгінде көп нәрсе біздің, ересектердің, жауапты ұстанымымызға байланысты.
Балаларыңызды қорғауға көңіл бөліп, вакцинацияны уақытылы алуға шақырамын.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *